Аудит нәтижесі: NIS-те шетелдік мұғалімдер қазақстандық әріптестерінен 5 есе көп жалақы алады

Көркем Алдабергенова 01 там. 2025 11:00

Назарбаев зияткерлік мектептерінде (NIS) жұмыс істейтін шетелдік мұғалімдердің жалақысы қазақстандық мұғалімдердің еңбекақысынан шамамен 4,5 есе жоғары. Бұл туралы Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы жариялаған мемлекеттік бюджеттің орындалуына жүргізілген аудитте айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«2023 жылы жергілікті ұстаздардың орташа жалақысы 508 100 теңгені (шамамен 934 доллар) құраса, шетелден келген оқытушылар 2 281 500 теңге (шамамен 4 195 доллар) жалақы алған», – делінген аудиторлық палата есебінде.

Бұған қоса, аудит нәтижесі бойынша, NIS шетелдік ұстаздарға тұрғын үй мен ұшақ билеті секілді қосымша шығындарды да өтеп берген.

Соңғы бес жыл ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері 643 шетелдік мұғалімді жұмысқа қабылдап, олардың жалақысына 31,2 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған. Дегенмен, аудиторлардың айтуынша, шетелдік мамандардың білім сапасын арттыруға нақты қандай үлес қосқаны белгісіз.

Мұғалімдерді қабылдау процесінде кемшілік көп

Сонымен қатар, аудит барысында 254 мұғалімнің ешқандай конкурссыз, яғни ашық іріктеуден өтпей-ақ жұмысқа қабылданғаны анықталған. Салдарынан жұмысқа алынған оқытушылардың 20,4 пайызы біліктілік талаптарына сай келмеген.

Бұдан бөлек, мектептің ақылы негізде оқитын оқушыларды қабылдау ережелерін де сақтамай, емтиханды формалды түрде өткізгені белгілі болды.

«Нәтижесінде ақылы негізде оқитын балалардың білім деңгейі грант иегерлерімен салыстырғанда едәуір төмен. Бұл жалпы білім сапасына теріс әсер етіп отыр», – дейді аудиторлар.

Қаржылай қолдау мәселелері

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне сәйкес, мемлекет ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін бюджеттен 162 миллион теңге (298 мың доллар) бөлген. Бірақ бұған қарамастан, Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқу ақысы төмендемеген.

Айта кету керек, Қазақстан үкіметі елдегі жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін пайызсыз студенттік несие беру бастамасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл шара елде біліктілігі жоғары мамандар санын арттыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар