Атырауда мемлекеттік мектеп мұғалімі әкімшілік тарапынан сынып бөлмесін жөндеп, қажетті тазалық құралдарын өз қаражатына алуға мәжбүр болғанын айтты. Ол басынан өткен жағдайды Threads желісінде жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мұғалімнің айтуынша, оған кабинетке жөндеу жүргізу тапсырылған. Ол жанжал шығарғысы келмегендіктен, бөлмені өз күшімен ретке келтірген. Сонымен қатар мұны оқушылары таза әрі қолайлы сыныпта білім алуы үшін жасағанын атап өтті.
"Бізді кабинетке жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүрледі. Мен жанжал шығарғым келмей, бәрін орындадым. Мұны тек міндеттегендіктен емес, оқушыларым үшін сыныпты ретке келтіру маңызды болғандықтан жасадым. Кабинеттің жағдайы өте нашар еді, балалар мен олардың ата-аналарының алдында ұялдым", - деп жазды педагог.
Оның сөзінше, бір апта бойы сыныптың еденін жуып, шаңын сүртіп, қабырғаларын әктеген. Бұл атқарылған жұмыстың аз ғана бөлігі болғанын айтқан мұғалім күн соңында физикалық тұрғыда қатты шаршағанын жеткізді.
Алайда демалыста жүргеніне қарамастан, мектеп әкімшілігі одан қосымша жұмыстарды да талап ете бастаған. Педагогке төбедегі шамдардың шаңын сүрту тапсырылған.
"Ол үшін басқышқа шығып, электр құрылғыларына жақындау қажет. Мен сыпайы түрде бас тарттым. Бұған жауап ретінде: "Үйіңіздегі аспашамдарды жумайсыз ба? Басқыш деген құрал бар. Өзім үнемі қолданамын, сізге де ұсынамын", - деді", - деп жазды мұғалім.
Педагог үйдегі шаруасының еңбек міндеттеріне қатысы жоқ екенін айтып, мұғалім ретінде ғана жұмыс істегісі келетінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол мектеп қажетіне арналған жуғыш заттарды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болғанын алға тартты.
Қазақстанда педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған. "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, мұғалімнен білім беру қызметіне қатысы жоқ міндеттерді орындауды талап етуге жол берілмейді.
Әзірге Атырау облысының білім басқармасы мен аталған мектеп әкімшілігі мұғалімнің мәлімдемесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.