Ақбаян Мұқанғалиеваның жақындары оның Сұлтан Сәрсемәлиевпен қалай танысқанын және отбасылық өмірінде қандай қиындықтар болғанын айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz
Туыстарының айтуынша, Ақбаян мектепті аяқтаған соң Ақтөбе қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алған. Кейін Атырау қаласына көшіп барып, жәрмеңкеде жұмыс істеген. Дәл сол жерде ол болашақ күйеуі Сұлтанмен танысқан.
Ақбаян мен Сұлтан 2016 жылы шаңырақ көтерген. Алайда олардың үйлену тойы дәстүрлі үлкен той түрінде өтпеген. Жақындарының сөзінше, жігіт жағы қыз алып қашқан. Кейін екі тарап өзара келісіп, шағын дастархан басында таныстық өткізген. Бұл некеден бес бала дүниеге келген.
Қазір Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты екінші сот процесі өтіп жатыр.
Айыптау актісіне сәйкес, Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиев, Мақсот Қарабалин, Насип Өтешқалиева және Мирамгүл Қарабалинаны өлтірді деген күдікпен айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті қылмыстан кейін марқұмдардың денелерін жасырған. Сондай-ақ олардың ұялы телефондарын, банк шоттарын пайдаланғаны және несие рәсімдегені айтылады. Кейін ол Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Алайда құқық қорғау органдары оны Индонезияда ұстаған.