Freedom Inside '26

Атырауда қамыс өртеніп, қала тұрғындары түтінге тұншығып отыр

Атырауда қамыс өртеніп, қала тұрғындары түтінге тұншығып отыр
t.me/atyrauakimat

Атырау облысында қамыс ірі көлемде өртенуіне байланысты қалаға түтін мен күйік иісі тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өрт Еркінқала ауылынан Каспий теңізі жағалауы бағытында шамамен 40 шақырым жерде орналасқан батпақты аумақта шыққан.

Өрт 34 гектар аумақты шарпыған. Оның 18 гектарындағы жалын өртсөндірушілердің күшімен сөндірілсе, тағы 4 гектардағы өрт өздігінен тоқтаған.

Өртке байланысты Атырау облысы әкімінің төрағалығымен жедел кеңес өтті. Жиында өртті сөндіру жұмыстары талқыланып, оған Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Исатай және Махамбет аудандарының басшылығы, сондай-ақ, жауапты қызметтердің жетекшілері қатысқан.

Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, қамыс өрті Исатай мен Махамбет аудандарының шекарасында, Каспий теңізіне жақын аумақта болған. Өрт "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан тыс жерде тіркелген.

Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.