Атырау облысының Тасқала кентінде есірткі жасырып жүрген деген күдікпен екі қыздың ұсталғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға 25 тамыз күні сағат 16:25 шамасында болған. Видеодағы екі қыздың есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырып жүрген жерінен ұсталғаны айтылады.
Azattyq Rýhy редакциясы оқиғаға қатысты Атырау облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Ведомство аталған фактіні растағанымен, тергеу мүддесіне байланысты егжей-тегжейлі ақпарат ұсынбады.
"Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексерілуде. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады", - деп хабарлады полиция департаменті.
Әлеуметтік желі қолданушылары видеодағы қыздардың кәмелетке толмаған болуы мүмкін екенін жазып, оларды заңсыз әрекетке тартқан адамдарды да анықтап, жауапқа тартуды талап етті. Қыздардың жасы мен оқиғаға қатысы туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.