Атырауда 16 жастағы мектеп оқушысы мұрын қуысына жасалған отадан кейін көз жұмды. Марқұмның ата-анасы болған жағдайдың мән-жайын толық анықтап, әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Анасының айтуынша, қызы ауруханаға мұрын ішіндегі кистаны алып тастау үшін жоспарлы түрде түскен. Дәрігерлер ота жеңіл өтетінін, шамамен 20 минутқа созылатынын айтқан.
Алайда 19 тамыз күні жасалған отадан кейін қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Анасы медициналық дәкенің бір бөлігі тыныс алу жолына кетіп қалып, қызының демі тарыла бастағанын айтады. Содан кейін оның денсаулығы ауырлап, түрлі асқынулар пайда болған.
Қыз 7 қыркүйекте, яғни отадан кейін 19 күн өткен соң қайтыс болды.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мұндай оталардың күрделі санатқа жататынын және белгілі бір қауіп-қатермен байланысты болатынын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, науқасты емдеуге жергілікті дәрігерлермен қатар республикалық деңгейдегі мамандар да тартылған.
Қазір оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қыздың өліміне не себеп болғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал ата-анасы жағдайға кінәлі адамдар жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.