Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол бұл лауазымнан босатылған Серік Шәпкеновтің орнына келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда хабарламасында.
Болат Ақшолақов кім?
Болат Ақшолақов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, кейін мұнай-газ өнеркәсібі саласында кәсіби білімін жетілдірген.
Ол еңбек жолын 1990 жылдардың басында банк саласында бастады. Кейін мұнай-газ секторындағы бірқатар ірі компанияда басшылық қызметтер атқарды.
Әр жылдары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында және Энергетика министрлігінде жауапты лауазымдарда еңбек етті.
Болат Ақшолақов 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның энергетика министрі болып тағайындалды. 2023 жылдан 2025 жылғы ақпанға дейін Мемлекет басшысының кеңесшісі қызметін атқарды.
2025 жылғы ақпаннан бастап KAZENERGY қауымдастығын басқарды. Кейін Қазақстан инвесторлары қауымдастығының басшылығына келгені хабарланған.
Мемлекеттік және мұнай-газ саласындағы еңбегі үшін Болат Ақшолақов "Құрмет" орденімен марапатталған.
Әкесі белгілі геолог болған
Жаңа әкімнің әкесі Орал Ақшолақов – Қазақстанның мұнай-газ саласына үлес қосқан белгілі геолог әрі ғалым.
Ол еліміздегі ірі мұнай және газ кен орындарын зерттеу мен игеру жұмыстарына қатысқан. Орал Ақшолақов 2023 жылы дүниеден өтті.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Болат Ақшолақовтың анасы Шығыс Қазақстан өңіріне белгілі Чайжунусовтар әулінен шыққан.
Осылайша, мұнай-газ саласында көп жылдық тәжірибе жинаған Болат Ақшолақов Қазақстанның негізгі мұнай өндіруші өңірлерінің бірі саналатын Атырау облысын басқаратын болды.