Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт сөндірілді

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт сөндірілді
видео кадры

Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы өрт толық сөндірілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

25 тамызда сағат 12:55-те 112 пультіне Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.

Нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілген.

Өртті сөндіруге ТЖМ, "Семсер өрт сөндіруші", АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 техника жұмылдырылды.

Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған барлық күш пен құралдардың іс-қимылын үйлестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, одан әрі таралуына жол берілмеді.

Қазір өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

"Жағдай бақылауда", - деді ТЖМ өкілдері.