Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) Экология министрлігі жасаған есептеулермен келіспейтінін мәлімдеді. Кәсіпорын өз тарапынан жүргізілген есептерді ұсынуға дайын екенін хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сонымен қатар зауытта 100 тоннадан астам газдың алауда жағылуына қатысты түсініктеме берілді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, газды алау қондырғысына жіберу өндірістік үдерістің бір бөлігі болып саналады және технологиялық қондырғылардың жұмысында ақаулар туындаған жағдайда да қолданылады.
Сондай-ақ АМӨЗ мәліметінше, 2026 жылғы 2-7 қыркүйек аралығында санитарлық-қорғау аймағының шекарасында жүргізілген бақылау нәтижесінде күкіртсутек мөлшерінің шекті деңгейден асқаны тіркелмеген. Кәсіпорынның хабарлауынша, бұл бақылауды санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы уәкілетті орган жүргізген.
Бұған дейін тұрғындардың шағымынан кейін экологтар Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықталғаны белгілі болған еді. Тексеру барысында көміртек тотығы мен азот оксидтері бойынша рұқсат етілген мөлшерден асып кету деректері, шығарындыларды есептеудегі кемшіліктер және автоматты мониторинг жүйесінің жұмысына қатысты мәселелер анықталған.
Сондай-ақ 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында болған өндірістік ақаулар салдарынан алау қондырғысында 100 тоннадан астам газ жағылған. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты әкімшілік істер бойынша материалдар сот қарауына жіберілген.