Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында 44 жастағы ер адам қайтыс болды. Кейін оның пойызға билетсіз мінгені, ал жолсеріктің бұл деректі жасыру үшін марқұмның атына билет сатып алғаны анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, пойыз 12 шілде күні Атырау станциясынан шығып, келесі күні таңертең Ақтөбеге жеткен.
Сапар барысында билетсіз мінген жолаушының жүрегі кенеттен тоқтап, ол көз жұмған. Осыдан кейін вагон жолсерігі марқұмның жеке куәлігін пайдаланып, оның атына ресми билет рәсімдеген.
Болжам бойынша, қызметкер вагонда билетсіз жолаушы болғанын жасыруға әрекеттенген.
Оқиғадан кейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қызметтік тексеру бастаған. Вагон жолсерігі мен осы учаскенің бастығына қатаң сөгіс жарияланды.
Компания өкілдерінің мәліметінше, кінәлі қызметкерлерге қатысты тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша олар теріс себептермен жұмыстан босатылуы мүмкін.
Оқиғаның барлық мән-жайын полиция да анықтап жатыр.