Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне қарасты Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы болып Дархан Алияқпаров тағайындалды.
Ол бұл қызметке дейін 2020 жылдан бері Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дархан Алияқпаров еңбек жолын 2008 жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Жезқазған жылу электр орталығында бастаған. Осында ол қарапайым машинист-бақылаушы қызметінен бастап, станция ауысымының бастығына дейін көтерілген.
2014 жылдан бері Алияқпаров атомдық және энергетикалық қадағалау саласында түрлі басшылық лауазымдар атқарып келеді. Ол осы аралықта Астана қаласы әкімдігі мен Энергетика министрлігінің құрылымдарында да жауапты қызметтер атқарған.
Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылдың наурызында Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылған болатын. Жаңа ведомствоға бұрын Энергетика министрлігінің құзырында болған уран өндіру мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану функциялары берілген. Агенттікті бұрынғы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев басқарады.
Қазір агенттік төрағасының екі орынбасары бар. Олар – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында басқарушы директор қызметін атқарған Әсет Махамбетов және бұрын «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ-ның бас директоры болған Тимур Жантикин.