Атыраудағы 5 мың кәсіпкерге 4,9 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді

Dalanews 24 жел. 2020 16:42 900

Бүгін Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, бизнесті қолдау мен қорғау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Іс-шараға елдегі карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып, жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпкерлік субъектілердің басшылары қатысты.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов алдымен шағын көрмеге қойылған көлік доңғалақтарын қайта өңдейтін «New Eco City» ЖШС, жылына 40 млн медициналық маска шығаратын «Доктор Хаус» ЖШС, жылына 10 мың тонна жуу құралдарын өндіретін “MАGICan” ЖШС, жылына 20 тонна антисептик өнімдерін шығаратын «SARI Suppliers» ЖШС, жылына 600 мың кг сүт өнімдерін өндіретін «Өз сүт» ЖШС өнімдері мен тауарларын көрді.

Одан кейін бизнес саласы өкілдерімен емен-жарқын сұхбат құрып, сұрақтарына жауап берді. Облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға әрқашан басымдық берілетінін айтты.

– ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, «Бизнеске арналған үкімет» жобасы жүзеге асырылды, яғни бүгінгі күні кәсіпкерлерге бір ғимарат ішінен бірнеше қызмет түрлерін көрсету, бизнеске қатысты ақпараттық-түсінік, кеңес беру мүмкіндігіне қол жеткізілді. Жыл сайын облыста жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны артуда, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға өсті. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 127,2 мың адамды құрады, – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Мемлекеттік бағдарламалар және қабылданып жатырған шаралар кәсіпкерліктің дамуына оң серпін беруде. Биыл осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерді қолдауға 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, оған 5 мыңға жуық кәсіпкерлік субьектісі қолдау алды. Нәтижесінде 3371 жұмыс орыны сақталып, жаңадан 680 жұмыс орыны құрылатын болады.

Экономиканы тұрақтандыру және бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру мақсатында өңірде алдын-ала жүргізілген талдау нәтижесінде жекелеген санаттар бойынша 20 833 кәсіпкерлік субъектілеріне 5,8 млрд. теңге көлемінде салықтық жеңілдіктер қарастырылды.


Кездесуде кәсіпкерлік тарапынан атқарылар жоспарлар мен бірқатар келелі мәселелер талқыға салынды.

Айта кетуіміз керек, жыл басынан бері мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен облысымыздың барлық аудандарының селолық округтерін қамтумен 300-ге жуық қатысушысы бар 7 кездесу өткізілген.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар