Атырауда полицияға арыз түсірген блогер сотталды

Кәмшат Тілеухан 19 қаз. 2024 11:01 5292

Атырау қаласында супермаркет желісі иесін бопсалады және ұрлық жасады деген айыппен блогер сотқа тартылды. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Жергілікті супермаркетте болған блогер полицияға арыз жазған. Өйткені дүкен сөресіндегі белгілі бір тауардың, біріншіден, жарамдылық мерзімі өткен, екіншіден, онда мемлекеттік тілде мәліметтер берілмеген. Алайда сотта қарсы тарап блогер осы айыппен өзін қорқытып, 2 млн теңге талап еткенін жеткізген. 
"Мұнымен тоқтамаған блогер өтінішті қайтарып алу үшін дүкеннен 39 824 теңгеге азық-түлік алған. Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмеге кіріп, ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, сондағы киімдердің бірінің қалтасынан 20 мың теңгені жасырын ұрлаған", делінген сот хабарламасында.

Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.

"Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен өз дәлелін тапты. Сот үкімімен блогер ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы және 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 58-бабының негізінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - дейді осы істі қараған Атырау қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар