"Асыл Арманда" өрт шықты: 50 адам құтқарылған

"Асыл Арманда" өрт шықты: 50 адам құтқарылған
ТЖМ

Алматы облысында ірі тұрғын үй кешендерінің бірінде өрт шықты. Оқиға "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Төтенше жағдай Іргелі ауылында тіркелген. Өрт жетінші қабаттағы балконнан басталып, тоғызыншы қабатқа дейін тараған. Сондай-ақ, жалын жетінші және сегізінші қабаттағы пәтерлерді де шарпыған.

ТЖМ мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде жетінші және сегізінші қабаттардағы балкондар жанып жатқан. Өрттің таралу қаупі жоғары болған.

Құтқарушылар келгенге дейін тұрғындар өз бетімен эвакуацияланған. Жалпы 50 адам, соның ішінде 15 бала қауіпсіз жерге шығарылған.

Өртсөндірушілер жалын әрі қарай таралуына жол бермей, өртті аз уақытта ауыздықтаған. Зардап шеккендер жоқ.