Басылымның жазуынша, анасы Ғалия Тұяққалиева оқу жылының басында қызын басқа мектепке ауыстырған. Кейін оқушы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары арасында түсініспеушілік туындаған. Анасының айтуынша, осыдан кейін сыныпта қызына қарсы түсініктемелер жинала бастаған. Бұл жағдайға байланысты ол e-Otinish порталы арқылы шағым түсірген.
Мәлімдемеде директордың орынбасары тарапынан қызға қысым көрсетілгені айтылған. Сондай-ақ, сыныптастарынан оған қарсы жазбаша түсініктеме беру талап етілгені және кейін құжаттарын алып кетуге итермелегені көрсетілген.
19 ақпанда әйелге мектептен қоңырау түскен, алайда жұмыста болғандықтан жауап бере алмаған. Келесі күні мектепке барғанда оған оқушылардың жазған түсініктемелері көрсетіліп, қызының құжаттарын алу қажет екені айтылған.
Осыдан кейін жасөспірім үйіне оралғанымен, біраз уақыттан соң қайта шығып, содан бері хабарсыз кеткен. Қазір кәмелетке толмаған қызды полиция іздестіріп жатыр.
