"Атырау суға батқалы жатқанда, әкім орынбасары көлік таңдап жүр": желіде даулы видео тарады

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2024 10:41 1991

Әлеуметтік желіде Атырау қаласы әкімдігінің қызметкеріне қатысты видео тарап кетті. Желіде тараған ақпаратта Атырау облысын су басып жатқан кезде әкімдік қызметкерлерінің бірі қызметтік көлігімен қала аралап, өзіне жаңа Toyota таңдап жүргені айтылады.

Бұл жайтқа қала әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әкімдік қызметкері халықтың жағдайын ойлап қатты қиналып жүр", - деп жазылған желіде тараған видеода.

Жергілікті басылымдар мәліметіне сүйенсек, видео авторы жергілікті блогер екені белгілі болған. Ол кадр сыртында әкімдік қызметкері 013 РК 06 мемлекеттік нөмірлі автокөлікпен келгенін айтып, Toyota орталығында видео түсіреді. Сонымен қатар, қызметкерден не істеп жүргенін сұрайды. Қызметкер "жұмыста жүрмін", - деп жауап береді.

"Қала суға кетейін деп жатыр дейді. Барлығы жұмыс істеп жатыр. Мынау ішкі саясаттың машинасы ғой акиматтағы. Тойота орталығында не істеп жүр екен? Машина қарап жүр. Қала суға кетейін деп жатыр, машина қарап жүрсіңдер, қалай түсінеміз?" - дейді видео авторы.

Желіде видео тарап кеткеннен кейін Атырау қаласы әкімдігі өкілдері пікір білдірді.

"Атырау қаласы әкімдігінің қызметкері әкімдік балансындағы "Toyota" маркалы көліктерін жөндеуден өткізу мақсатында ресми дилерден қосалқы бөлшектердің бағасын біліп, тапсырыс беруге барған", - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі "Ақ Жайық" басылымына берген жауабында.

Айта кетейік, Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 3 мыңға жуық үй су астында қалды.

Алдын ала болжам бойынша, Құлсары қаласында 2810 тұрғын үй су астында қалды. Бұл - Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі келтірген дерек. 

Су тасқының салдарын жоюға 231 техника, 1198 жеке құрам, 18 бірлік жүзу құралдары, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар