Әсия Темірбаева: "Төрт айда 26 мың адам жұмыспен қамтылды"

Dalanews 17 мам. 2017 14:08 984

ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өңіріміздегі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы 2017 жылдың 1 мамырына атқарылған жұмыстар туралы өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлім етті. Айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен аймақта 1 147,2 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 502,8 мыңы өздігімен жұмыспен қамтылғандар екен.

«2017 жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66764 жаңа жұмыс орындары ашылатыны жоспарланып, оның ішінде, 5677 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасатыны көзделді. 2017 жылдың 1 мамырына 4870 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде, 115 орын «Индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы (42,1%), 396 орын «Бизнестің жол картасы - 2020» (55,9%), 3987 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы (23,1%), 237 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында (0,6%) ашылған. Ашылған жаңа жұмыс орындарына 1201 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасқан», - деді Әсия Құралқызы.

Тілшілермен болған жиында басқарма басшысы биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» іске асырылу барысын баяндады. Үш бағыт аясында іске асырылып жатқан жаңа бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 10879,6 млн.теңге бөлініп, 64 314 адам қамтылатыны көзделген.

Яғни, бірінші бағыт бойынша (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) 2017 жылы 11 437 адамды оқыту көзделсе, 2,5 жыл мерзімде техникалық және кәсіптік білім алуға 4 584 адам ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жолданбақ. Мұнан бөлек, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 6853 адамды (мамыр, маусым айында) жолдау жоспарлануда.

Ал екінші бағыт (Жаппай  кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде осы жылы 1500 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, 2075 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланып, жалпы 3575 адамды қамту қарастырылған. 2017 жылдың 1 мамырына дейін 101 адам кәсіпкерлік негізінде оқуға жолданды.

Үшінші бағыт (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) аясында 49302 адамды қамту көзделді. Жыл басынан бергі 4 айда 25 426 Бағдарлама қатысушысына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде, тұрақты және уақытша жұмыспен 35138 адам қамтылатыны жоспарланып, нақты 13 207 адам жұмыспен қамтылды. 5284 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 3005 адам жастар практикасына жіберілді. Сондай-ақ, 6 838 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға жолдау жоспарланып, нақты 3380 адам қоғамдық жұмыс орындарына барды.

Сонымен бірге, баспасөз жиынында Ә.Темірбаева аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету туралы айтып берді. Мәліметінше, жыл басында аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 886 адамды, немесе облыс халқының 0,03 пайызын құраған. 2017 жылдың 1 мамырына олардың саны 6,7 пайызға төмендеп, 827 адамды немесе облыс халқының 0,03 пайызын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ, «Өрлеу» жобасының жүзеге асырылуын баяндаған басшы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау аясындағы жұмыстардың барысына тоқталды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар