Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларының жұмысын қатаң бақылауға алу туралы мәселені бұрыннан қаузап келе жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Мемлекеттік қаражаттар бойынша тиісті қорлар бар. Тіпті Самұрық-Қазынаның қайырымдылық бағытында жұмыс істейтін арнайы қоры бар. Менің ойымша, бірінші кезекте квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын қатаң бақылауға алған жөн. Квазимемлекеттік ұйымдар қайырымдылықпен айналысамын десе — жақсы, бірақ бірінші кезекте ашықтық қамтамасыз етілуі қажет”, - деп жауап берді ол журналистердің қойған сұрағына.
Аймағамбетов елде белең алған түрлі қорға байланысты Бюджет кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдағанын да атап өтті.
“Халықтан жиналатын қаражатқа қатысты нақты ережелер қажет. Қазақстандықтар әрдайым көмек көрсетуге дайын, бірақ мұны тек бір қорға шектей алмаймыз. Қорларды жабу немесе тыйым салу арқылы мәселені шеше алмаймыз. Сол себепті жүйелі реттеу қажет. Бұл мәселені ғылыми тұрғыда қарастырып, дұрыс шешім қабылдауымыз керек”, – деп түсіндірді Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, қайырымдылық саласында қоғам тарапынан қадағалау және ашықтықты қамтамасыз ететін ережелер болуы шарт.
“Мен сенімді қорларға ғана көмектесемін. Себебі олардың сайттарына кіріп, есептерін қараймын. Әр тиынның қайда жұмсалғаны көрініп тұр. Сондықтан сенім бар. Ал кейбір қорларға сенбейтіндіктен, оларға көмек қолын созбаймын. Мысалы, Аружан Саинның қорын білемін, ал “Biz birgemiz” қоры туралы ешқандай ақпарат болған жоқ”, – деді ол.
Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларының жұмысын реттеуді жетілдіру мәселесін қоғаммен бірге талқылап, мұқият шешуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірген еді.
“Тергеудің аяқталғанын күтуіміз қажет. Мұндай істерде асығыс шешім шығаруға болмайды. Әрбір қайырымдылық қорының басшысы халықтан түскен әр теңге үшін жауапты”, – деді депутат.
Депутат “Biz Birgemiz” қоры мен AMANAT партиясының байланысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Айтуынша, есімі аталған азаматтар қорда үш жыл бұрын жас волонтер ретінде қызмет атқарған.
“Пандемия кезінде біз 600 мың азаматқа көмек көрсеттік. Ол кезде қорда жас волонтерлер, белсенді жастар жұмыс істеді. Бүгінде олардың кейбірі белгілі бір жетістіктерге жетіп, лауазымдарға ие болды, ал кейбірі партияға мүше болып кірді. Бірақ қордың партияға ресми байланысы жоқ”, – деді Бейсенбаев.
Сонымен қатар депутат қайырымдылық қорларына тосқауыл қоюдың қажеті жоқ екенін де атап өтті.
“Мұндай қорлардың жұмысы ашық әрі әділ болуы тиіс. Өкінішке қарай, халық сенімін теріс пайдаланатындар кездеседі. Бұл тек бір қорға қатысты емес, жалпы қоғамдағы мәселе. Сондықтан барлығын тексеріп, ретке келтіру қажет”, – деді ол.