Астанада есірткіге қарсы кезекті акция ұйымдастырылып, шара барысында полицейлер мен еріктілер Байқоңыр ауданында есірткі жарнамасы бар граффиттерді өшірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Акцияға Байқоңыр ауданы әкімдігінің, жергілікті полиция қызметі басқармасының, қаланың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысты.
Байқоңыр ауданында Тәшенов көшесі, 4/1 мекенжайындағы заңсыз жарнаманы бояу бойынша кезекті акция өтті.
– Биыл біз аудан көлемінде екінші акцияны өткізіп отырмыз. Бірінші іс-шара Бараев көшесінде өтті, онда біз есірткі заттарының жарнамасын жойған болатынбыз. Алдағы уақытта да заңсыз жарнаманы анықтап, оларды жою іс-шаралар ұдай өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Байқоңыр ауданының Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлдана Қазбекова.
Акция нашақорлықтың таралуын болдырмауға және есірткіге тәуелді жастардың санын азайтуға бағытталған.

Есірткі заттарының жарнамасын жою бойынша акциялар елорданың барлық ауданында өтеді және осы жылдың қараша айына дейін жалғасады.