Астана тұрғыны Анель Игембаева туберкулездің ашық түрімен ауырған медбикемен байланыста болғаннан кейін өзі мен баласына алты айлық профилактикалық ем тағайындалғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz Qumash.kz-ке сілтеп.
Оның сөзінше, бір жасар ұлы 2026 жылы ақпанның аяғында №1 қалалық балалар ауруханасында пневмониядан ем алған. Емнен кейін отбасы екі айға Көкшетауға кеткен. Астанаға оралған соң ғана дәрігерлер олар туберкулезге шалдыққан медбикемен байланыста болғандар тізіміне енгізілгенін хабарлаған.
"Біз ауруханада ақпанның соңында жаттық. Ал бұл жағдай туралы тек маусымда білдік. Ертерек хабарласқанда, тексерістен де ертерек өтер едік", - дейді Анель Игембаева.
Тексеріс кезінде балаға жасалған Диаскинтест теріс нәтиже көрсеткен. Ал әйелдің сынамасы оң болып шыққан. Осыдан кейін оған қосымша тексерістен өтуге тура келген.
Анельдің айтуынша, алдымен компьютерлік томографияны ақылы түрде жасауды ұсынған. Алайда ол бұған келіспеген. Кейін емхана басшылығына жүгінген соң тегін жолдама алған.
Тексерістен кейін анасы мен баласына алты айлық профилактикалық туберкулезге қарсы ем тағайындалған.
Әйелдің айтуынша, ең ауыр сәттердің бірі - емізуді бірден тоқтатуға мәжбүр болуы. Ол дәрігерлер бұл туралы алдын ала ескертпегенін айтты.
"Балама бұл үлкен күйзеліс болды. Менде де ауыр лактостаз пайда болды. Маммологқа қаралып, ем қабылдадым", - дейді ол.
Анель тағайындалған дәрілердің жанама әсері барын да айтты. Оның сөзінше, дәрі ішкеннен кейін денесі қызып, асқазаны ауырады, зәрдің түсі өзгерген, етеккір циклі бұзылған. Сондай-ақ, күн сайын дәріні қабылдағанын видеоға түсіріп жіберуге міндеттелгенін жеткізді.
Ол мұндай жағдайға тап болған адамдарға мемлекет тегін тексеріс пен ем ұйымдастыруы керек деп есептейді. Сондай-ақ, бұл іске қатысты ресми арыз жазғанын және қазір жауап күтіп отырғанын айтты.
Анель Игембаеваның пікірінше, сол кезеңде ауруханада жатқан басқа балалар мен олардың ата-аналары да толық тексеріліп, көмек алуға тиіс.