Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің жазғы этнолагерінде ерекше экологиялық жоба таныстырылды. Оқушылардың табиғатты қорғауға бағытталған тың идеясы – «Эко-фонтан» жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жоба мектептегі STEAM бағыты мен экологиялық тәрбиенің ұштасқан нақты үлгісі бола білді.
«Эко-фонтан» – күн энергиясымен жұмыс істейтін, суды қайта айналымға жіберетін инновациялық жүйе. Фонтан табиғи ресурстарды үнемдеп қана қоймай, қалалық ортаға экологиялық және эстетикалық құндылық қосады. Жобаның негізгі мақсаты – суды және энергияны тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау.
Фонтанның құрылымына келсек, күн панельдері арқылы қуат алатын сорғы жүйесі суды қайта айналдырады. Су ысырапсыз пайдаланылып, қайта өңделеді. Жасанды ағаштар, сәндік өсімдіктер мен тастар арқылы табиғи көрініс қалыптасады.
Оқушылар бұл жобаның маңызын үш бағытпен негіздеді: суды үнемдеу, энергияны тиімді пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Эко-фонтан – тек техникалық жаңалық емес, бұл – табиғатпен үйлесімді өмір сүруді насихаттайтын тәрбие құралы. Мектеп ауласында, саябақтарда немесе қоғамдық орындарда қолдануға ыңғайлы мұндай жобалар елорданың экологиялық келбетін жақсартуға да үлес қосады.
Жоба авторы Әнел Кенжеханның айтуынша, фонтан арқылы балалар экологияны тек теориялық емес, практикалық түрде меңгеріп, күн энергиясының тиімділігін өз көздерімен көре алады.
Бұл бастама – жас ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыратын нақты әрекет. Осындай жобалар арқылы елордалық оқушылар қоршаған ортаны сақтауға, жаңашыл ойлау қабілеттерін дамытуға және тұрақты дамуға өз үлестерін қосуда.