Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) оқушысының ата-анасы мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігіне байланысты полицияға арыз жазған. Олардың айтуынша, ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым мен қатарластарының шеттетуі салдарынан жасөспірімнің психологиялық жағдайы күрт нашарлаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan порталының мәліметінше, грант негізінде білім алған оқушы сынып старостасы болып, мектеп өміріне белсенді араласқан. Алайда сегізінші сыныпта қатарластары онымен қарым-қатынасты тоқтатып, оқушы әлеуметтік оқшаулануға тап болған.
Анасының сөзінше, сыныптастары онымен сөйлеспей, бірге отырудан бас тартқан. Ата-анасы бірнеше рет мектеп кураторы мен психологына жүгінгенімен, мәселе шешімін таппағанын айтады.
Уақыт өте келе жасөспірімнің психологиялық жағдайы нашарлап, өзіне қол жұмсау туралы ойлар пайда болған. Мемлекеттік аурухана дәрігерлері оның жағдайын ауыр деп бағалап, басқа мектепке ауыстыруды ұсынған.
Алайда ата-анасының айтуынша, бұл шешім оның жағдайын бірден жақсарта қоймаған. Қазір жасөспірім мамандардың бақылауында және тиісті ем қабылдап жатыр.
Оқиғадан кейін ата-анасы құқық қорғау органдарына жүгінген. Олардың мәліметінше, іс материалдары сәуір айынан бері прокуратураның қарауында жатыр.
Әзірге Назарбаев Зияткерлік мектебі мен құқық қорғау органдары бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірмеді.