Астанадағы LRT станциясының төбесінен су ақты: CTS түсініктеме берді

Астанадағы LRT станциясының төбесінен су ақты: CTS түсініктеме берді
видео кадры

Астанадағы LRT станцияларының бірінде төбеден су аққан сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кадрлардан жаңбырдан кейін жарық шамы орнатылған төбедегі саңылаудан су ағып жатқанын көруге болады.

Оқиғаға қатысты City Transportation Systems (CTS) компаниясы түсініктеме беріп, жағдай инженерлік жүйелерді іске қосу және реттеу жұмыстарына байланысты болғанын мәлімдеді.

Компанияның баспасөз хатшысы Оксана Аубакированың айтуынша, қазіргі уақытта өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің жабдықтары тексеріліп, бапталуда.

«Бұл жұмыстар аясында өрт сөндіру жүйелеріне қызмет көрсетуге арналған технологиялық люктер ашылады. Соның салдарынан кейбір жағдайда ылғалдың ішке өтуі мүмкін», – деді CTS өкілі.

Қазір мамандар анықталған мәселелерді жойып, қажетті жерлерді герметизациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, Tarlan Astana пойыздары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.