Астанадағы көші-қон қызметі басшысының орынбасары заңсыз көші-қон ісі бойынша ұсталды – БАҚ

Астанадағы көші-қон қызметі басшысының орынбасары заңсыз көші-қон ісі бойынша ұсталды – БАҚ
ЖИ: dalanews

Астана қаласы полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мақаева заңсыз көші-қонды ұйымдастыру ісі бойынша ұсталды. Бұл туралы журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасына сілтеме жасап бірқатар БАҚ хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, полиция полковнигі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысты тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, аталған топтың құрамында түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері болған.

Дереккөздің мәліметінше, күдіктілер шетел азаматтарына Қазақстанда тұруға ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеумен айналысқан болуы мүмкін.

Іс бойынша тергеуді Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр.

Әзірге құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.