Әлеуметтік желілерде Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы ақпарат қайта тарала бастады. Осыған байланысты елорданың ветеринариялық қызметі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Astana Vetservice мәліметінше, таралып жатқан ақпарат қазіргі жағдайға емес, 2023 жылы Ақмола облысында анықталған жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымына қатысты оқиғаға байланысты.
Ведомствоның хабарлауынша, сол факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, іс материалдары сотта қаралған. Кінәлі тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар ветеринариялық қызмет қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімдерді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде тіркелмегенін мәлімдеді.
Мекеме дерегінше, елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты ветеринариялық санитариялық бақылау жүргізіледі. Оның аясында ілеспе құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады.
Сондай ақ ведомство бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе қоғамдық тамақтану орындарындағы қызметке қатысты заңбұзушылықтар анықталмағанын атап өтті.
Ветеринариялық қызмет өкілдері тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.