Freedom Inside '26

Астанадағы балалар ауруханасының медбикесінен туберкулездің ашық түрі анықталды

Астанадағы балалар ауруханасының медбикесінен туберкулездің ашық түрі анықталды
ru.freepik.com

Әлеуметтік желілерде Астанадағы балалар ауруханасында туберкулез инфекциясы таралғаны туралы ақпарат кеңінен талқыланып жатыр. Осыған байланысты елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме беріп, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Медбике байланыста болғандар қатарында болмаған

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жұмыс істеген медбике туберкулез жұқтырғандармен байланыста болған адамдар тізімінде болмаған және медициналық мекемеде жұмыс істеуге ресми түрде рұқсат алған.

Ведомство дерегінше, ол еңбек қызметін атқарып жүрген уақытта туберкулез инфекциясына қатысты ешқандай белгілер анықталмаған. Сонымен қатар аурухана қызметкерлерінің жоспарлы флюорографиялық тексеру нәтижелері бойынша патология тіркелмеген.

39 қызметкер қайта тексеруден өтті

Басқарма мәліметіне сәйкес, туберкулезбен байланыста болуы мүмкін деген 39 қызметкер қосымша флюорографиялық тексеруден өткен. Олардың соңғы медициналық тексеруден өткені алты айдан асқан.

Тексеру қорытындысында барлық қызметкерден теріс нәтиже шыққан.

– Медбике соңғы рет 2026 жылдың ақпан айында емханада флюорографиядан өткен, сол кезде ешқандай патология анықталмаған. Денсаулығы нашарлағаннан кейін ол биыл сәуірде дәрігерлерге жүгінген. Сол кезде ауру анықталды. Оның жұмысқа соңғы шыққан күні – 24 сәуір. Қазір ол 2026 жылдың 27 сәуірінен бастап қалалық фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатыр, – деп хабарлады басқарма.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта профилактикалық және санитарлық шаралар күшейтілген. Соңғы үш ай ішінде науқаспен байланыста болған адамдар анықталып, бақылауға алынған. Сондай-ақ басқарма жұмысқа қабылданатын барлық қызметкер міндетті түрде флюорографиялық тексеруден өтетінін, оның нәтижесі санитарлық кітапшаға енгізілетінін атап өтті.

Ауруханада төсек жабдықтары, соның ішінде жастықтар мен көрпелер арнайы камералық дезинфекциядан өткізілген. Ал клеенкамен қапталған матрастар арнайы ерітінділермен өңделген.

Бұдан бөлек, стационар палаталары мен өзге де бөлмелерде күніне кемінде екі рет дезинфекциялық тазалау жүргізіліп, бактерицидті шамдармен кварцтау жасалады. Сондай-ақ ғимаратты тұрақты желдету тәртібі сақталып отырғаны айтылды.