Бүгін Мәжілісте "Кейбір заңнамалық актілерге астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, қаладағы көлік кептелісін шешудің баламалы жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаттары министрден жол қозғалысын реттеу және кептелісті азайту үшін көшелерді кеңейту мүмкіндігі жайында сұрады. Жұманғариннің пікірінше, жолдарды кеңейту мәселені шешпейді, керісінше, көліктер санын арттыруы мүмкін.
"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жолды кеңейткен сайын көлік саны көбейе береді. Сол себепті дамыған елдерде керісінше, көшелерді тарылтып, адамдарды қоғамдық көлікке көбірек мінуге ынталандыру тактикасы қолданылады. Қала орталықтарында ‘kiss and bay’ концепциясы бар. Яғни, біреуді жеткізіп салғың келсе, тұрақ табу қиын, ақылы тұрақтар болса – бағасы өте жоғары. Сондықтан көлікті тоқтатпай, жолаушыны түсіріп, әрі қарай қозғалысты жалғастырасың. Бізге де осы бағытта ойлану керек. Жолдарды кеңейте бергенше, қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру маңызды", – деді министр.
Осылайша, Жұманғарин көлік инфрақұрылымын дамытудың басты бағыты ретінде жолаушылар тасымалын жақсартуды атады.