Елордада көлік жүргізушісіне қарудан оқ атқан күдікті ұсталды. Жараланған азаматтың құқық қорғау органдарының қызметкері екені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, күдікті – 21 жастағы қала тұрғыны. Ол жүргізушіге аңшылық мылтықпен оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсіп, қару тәркіленді. Қазір досудебтік тергеу басталды.
Жәбірленушінің құқық қорғау органында қызмет ететіні, алайда оқиға кезінде еңбек демалысында болғаны анықталды.
«Аталған қару күдіктінің әкесіне тиесілі. Ол қаруды сақтау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция.
Әлеуметтік желілерде тараған бейресми нұсқада күдікті жолға шығып, қозғалып келе жатқан көлікке оқ атқаны, ал жүргізуші өзін қорғау мақсатында шабуыл жасаған адамды қағып кеткені айтылады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жарияланбайды.
