Журналист әрі құқық қорғаушы Лұқпан Ахмедияров Астанада белгісіз біреулер оның көлігіне бояу шашып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Лұқпан Ахмедияровтың әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, оқиға болған жердегі мекеме әкімшілігі бейнебақылау жазбаларын полиция қызметкерлеріне ғана беретінін айтқан.
«Полицияға хабарластым. Олар бөлімшеге өзім барып, арыз жазуымды талап етті. Оқиға орнына полиция жасағын жіберуден бас тартты», – деп жазды журналист.
Журналист жариялаған фотосуреттерде оның көлігіне бояу құйылғаны көрінеді. Сондай-ақ ол көлік тұрған аумақта үш бейнебақылау камерасы орнатылғанын атап өтті.
Оқиға туралы «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қоры мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры да хабарлаған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.