Астанада Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры мен оның екі қызметкері бюджеттен 443 млн теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының» бұрынғы директоры О.-ға және оның қарамағындағы қызметкерлер Б., Ә., Д.-ға қатысты үкім шығарды.
Сот мәліметінше, 2020-2023 жылдары төтенше жағдай кезінде мекеме басшысы қарамағындағы қызметкерлердің көмегімен санитариялық автокөліктерді жедел жөндеу және қаражат үнемдеу деген желеумен кәсіпорын базасында техникалық қызмет көрсету станциясын ұйымдастырған.
Алайда іс жүзінде жедел жәрдем көліктерінің қосалқы бөлшектері заңсыз есептен шығарылып, орындалмаған жұмыстар үшін ақылы қызмет көрсету шарттары рәсімделген. Соның салдарынан кәсіпорынға жалпы сомасы 443 млн теңгеден астам залал келтірілген. Бұл шығын әлі өтелмеген.
Сонымен қатар, техникалық қызмет көрсету станциясының қызметкері Д. кәсіпорын мүлкін 268 мың теңгеден астам сомаға жымқырғаны анықталған.
Сот бұрынғы директор О.-ны мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға, ал оның екі қызметкері Б. мен Ә.-ні өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Д.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда келтірілген залалды өтеп, жәбірленушімен татуласуына байланысты рақымшылық туралы заң негізінде жазадан босатылды.
Сот жәбірленуші кәсіпорынның 443 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабын толық қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.