Астанада волонтерлік қызмет жан-жақты дамуда

Dalanews 04 сәу. 2023 10:26 1016

Астанада еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді. Осы мақсатта мұқтаж жандарға көмек көрсеткісі келетіндер үшін елордада «Еріктілер мектебі» ұйымдастырылған. Оның жұмысы жайында таяуда ұйымдастырылған онлайн-брифингте Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығында 2014 жылдан бастап волонтерлік қызметті дамыту және оны жастар арасында ілгерілетумен айналысатын арнайы бөлім жұмыс істеп келеді.

– Жастар қатарымызға қабылданбас бұрын алдымен «Еріктілер мектебінен» өтеді. Бұл балаларға волонтерлік қызметтің кез келген түріне дайын болуға үйретеді. Бағдарлама ел тарихын зерттеу, алғашқы көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, даулы мәселелерді шешу сынды маңызды мәселелерді қамтиды. Көпшілік білетіндей, еріктілер пандемия кезінде үлкен жұмыс атқарды. Бұдан басқа экологиялық, әлеуметтік бағытта көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Төтенше жағдайлар саласында көмек көрсетіп келе жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық, қалалық концерттер мен іс-шараларға үзбей қатысамыз, – деді Қайрат Қамбаров.

Астанадағы еріктілер полициямен, ТЖМ және статистика департаментімен бірлесіп рейдтер жүргізіп, қала тұрғындарына жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары, көктемгі су тасқыны кезінде, шомылу маусымы кезінде ережелер, коронавирус инфекциясы кезеңінде қоғамдық орындарда өзін өзі қорғау шаралары туралы айтып берді. Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізіп, қалада тыйым салынған заттарды сату бойынша хабарландыруларды өшірумен де айналысады.


– Үш жыл қатарынан басқарма «Волонтерлік бастамаларды қолдау үшін шағын гранттар» жобасын жүзеге асырды. 2022 жылы 98 қатысушының ішінен 20 жеңімпаз анықталып, 350 мың теңге көлемінде шағын гранттарға ие болды.

Көптеген тақырыпқа арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында курстар, турнирлер, керамика бойынша шеберлік сыныптары, құммен сурет салу бар.

Грант алушылар Балалар үйлерін, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қамтиды. Жоба биыл да іске асырылатын болады. 2022 жылдың соңында әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан еріктілер мен еріктілер топтарын, ұйымдарын ынталандыруға бағытталған Volunteer fest өтті, – деді спикер.

Жақында Наурыз мерекесіне орай бір айға созылатын «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы өтіп, іс-шара аясында халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына көмек көрсетілген. Көпбалалы отбасылардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, зейнеткерлердің хаттарында жазған өтініштері мен тілектері орындалады. Мемлекет басшысы хатты бірінші болып оқып, тілегін орындады. Бұл ретте Президент осы игі істі бастаған жастарға алғысын білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар