Астанада тыл ардагері әскери парадты көре алмады: әкімдік кешірім сұрады

Көркем Алдабергенова 08 мам. 2025 12:42 701

Әлеуметтік желілерде Астанада түсірілген видео тарады: кеудесі орден-медальға толы қарт кісі әскери парадты трибунадан көру үшін күзет қызметкерлерінен өтуге рұқсат сұрап тұр. Бейнежазба жұрт арасында кеңінен талқыланып, резонанс тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарт ардагер күзетшілерге куәлігін көрсетіп, кешігіп қалғанына кешірім сұрай отырып, трибунаға өткізуді өтінген.

Dalanews.kz тілшісі бұл жайтқа қатысты Астана әкімдігінен пікір сұрады. Әкімдік қызметкерлері тыл еңбеккері Теңдік Изақовтан кешірім сұрап, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірген. 

Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады.

"Іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылды. Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді", дейді әкімдік өкілдері. 

Бұл ретте шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысты. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түспеген. 

"Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады. Теңдік Изақов 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырылды", делінген жауапта. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар