Freedom Inside '26

Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді

Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді
асат.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады.

Алайда тергеу мәліметінше, 2024–2025 жылдары өтініш берушілердің Қазақстанға келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема жұмыс істеген.

Белгілі болғандай, схемаға қатысушылар әлеуметтік желідегі арнайы арна арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтарын іздеп, тартқан.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері де қатысқан. Олар халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп, материалдар сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.