Астанада қонақүй кешені мен мектеп салу мақсатында бірнеше жер телімі мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, Есіл ауданындағы Қонаев пен Сарайшық көшелерінің аралығында орналасқан 7 гектардан астам жер мемлекет қажетіне алынады. Бұл аумақта «Мандарин» қонақүй кешенінің құрылысына арналған инженерлік іздестіру және жобалау жұмыстары жүргізіледі.
Осы мақсатта 26 жер телімі мен ондағы жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу жоспарланып отыр. Жерді иеліктен шығару рәсімі 2027 жылғы 3 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар Заречный тұрғын алабында, Үшқопыр мен Қаратөбе көшелерінің қиылысында орналасқан 2 гектардан астам жер де мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алынады.
Бұл аумақта жаңа мектеп құрылысына арналған инженерлік іздестіру және жобалау жұмыстары басталады. Жоба аясында 10 жер телімі мемлекет қажетіне алынып, бұл рәсім де 2027 жылғы 3 тамызға дейін аяқталуы жоспарланған.
Қаулылардың орындалуын Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы қадағалайды.