Әлеуметтік желіде астаналық мектеп-гимназиялардың бірінде мектеп оқушылары қатарластарына буллинг жасағаны туралы видео тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметтерге сүйенсек, оқиға Ы.Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында өрбіген. Видеодан бірнеше жасөспірімнің оқушы құрдастарын мазақ еткенін көруге болады.
Astana_press парақшасында жарияланған ақпараттарға назар аударсақ, бір топ оқушы балаларға күн көрсетпей келген. Бұл туралы мектеп директоры мен оның орынбасарлары да, мұғалімдер де білген, алайда шара қолданбаған деген ақапарат та бар.
Бұл жайтқа қатысты Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Аталған факті бойынша оқиғаның барлық қатысушысы – 9-сынып оқушылары анықталды. Олардан ата-аналарының қатысуымен сұрақ-жауап алынды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – делінген ресми хабарламада.
Соның нәтижелері бойынша оқушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.