Астанада кәмелетке толмаған азаматтан 20 миллион теңге бопсалаған төрт адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу нұсқасы бойынша, сотталғандар жәбірленушінің шетелге оқуға кететінін және оның ата-анасының қаржылық жағдайын білген соң, алдын ала сөз байласып, одан 20 миллион теңге талап еткен.
“Олар психологиялық қысым көрсетіп, атыс қаруын көрсетіп қорқыту арқылы 4 миллион теңге көлеміндегі ақшаны алған. Топтың екі мүшесі жәбірленушіден кезекті 100 мың теңге алып жатқанда ұсталды. Кейінірек қалғандары да қолға түсті”, – делінген хабарламада.
Прокурорлар айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Сот әрқайсысын 10 жылға бас бостандығынан айырды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық залал толығымен өтелді. Сонымен қатар сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.