Астанада жыл басынан бері 19 сталкинг дерегі тіркелді

Самал Асқар 27 ақп. 2026 18:15

Елордада жыл басынан бері 19 сталкинг фактісі тіркелді, деп Dala news хабарлайды.

Полиция департаментінің мәліметінше, тіркелген 19 істің алтауы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында болған. Қаралған істердің бірі бойынша сот 80 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындаған.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекске 115-1-бап «Сталкинг» өткен жылдың шілдесінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында енгізілген. Бұл бап адамның еркінен тыс оған қайта-қайта байланысқа шығу, аңду, мазасын алу сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.

Сталкингке жүйелі қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, аңду, бақылау орнату, жеке ақпаратты тарату және жәбірленушіде қорқыныш пен қауіпсіздік сезімінің жоғалуына әкелетін өзге де қысым түрлері жатады.

Заңға сәйкес, сталкинг үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы көзделген. Егер әрекет күш қолданумен немесе қоқан-лоққымен қатар жүрсе, іс қосымша басқа баптар бойынша сараланады.

Полиция өкілдері қылмыстық жауапкершілік нақты зиян келтірілген жағдайда – жеке өмірге қол сұғу, еркін жүріп-тұруды шектеу немесе психологиялық зиян туындаған кезде басталатынын атап өтті.

Құқық қорғау органдары азаматтарға қудалауға тап болған жағдайда дәлелдерді сақтауға, қудалаушымен байланысқа түспеуге және дер кезінде полицияға жүгінуге кеңес береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove