Астанада жедел жәрдем станциясынан 850 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, Астана қаласының прокуратурасы мен ҰҚК департаменті бірлесіп, 2020–2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясының бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтаған. Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылған.
Тергеу барысында санитарлық автокөліктердің қосалқы бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттарын жасау деректері белгілі болған. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған көліктер саны азайып, қалғаны бөлшектердің ұрлануына байланысты пайдаланудан шығарылған.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі таңда "103" жедел жәрдем автопаркі толық қалпына келтірілген.
Іс аясында төрт адам ұсталды, олардың қатарында орта буынның екі басшысы мен жедел жәрдем станциясының директоры бар. Күдіктілердің әрекеті салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде 850 млн теңге шығын келтірілген.
Олардың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалардың сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденуі ретінде сараланған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
