Freedom Inside '26

Астанада «Инвалиды, алға» атты ерекше стендап-концерт өтеді

Астанада «Инвалиды, алға» атты ерекше стендап-концерт өтеді

23 шілде күні Астанада стендап-комик Абылай Исиннің «Инвалиды, алға» атты ерекше импровизациялық концерті өтеді. Шараға мүмкіндігі шектеулі жандармен қатар барлық қала тұрғындары қатыса алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобаның басты ерекшелігі – сахнаға кәсіби әзілкештермен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да шығуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың мақсаты аяушылық тудыру емес, көрерменді күлдіріп, қоғамдағы кедергілер мен стереотиптерді жою.

Абылай Исин негізгі мамандығы бойынша PR саласында жұмыс істейді. Өзі үшінші топтағы мүгедектігі бар азамат. Бос уақытында Астанадағы стендап алаңдарында өнер көрсетіп, өз өмірі мен мүмкіндігі шектеулі жандар күнделікті кездесетін қиындықтарды әзіл арқылы жеткізеді.

Алдағы концерт – осы форматтағы үшінші кеш болмақ. Бұған дейін сәуір және мамыр айларында өткен стендап-шоулар көрермен тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болған.

«Қоғамда кейде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жақындауға қорқатын немесе аяушылықпен қарайтын жандар кездеседі. Мұның бәрі – жаман ниеттен емес, білместіктен туындайды. Мұндай түсініспеушілікті жоюдың ең тиімді жолы – дәріс немесе әлеуметтік жарнама емес, адамдардың тікелей қарым-қатынасы, ортақ әңгіме мен күлкісі. Осы идеядан біздің жоба дүниеге келді», – дейді Абылай Исин.

Оның айтуынша, алғашқы екі концерттен кейін Қазақстанның әртүрлі қалаларынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар хабарласып, стендап жанрында өздерін сынап көруге және жобаға қатысуға ниет білдірген.

«Инвалиды, алға» стендап-шоуы 23 шілде күні Астанадағы The Bus клубында өтеді. Шара туралы толық ақпарат Абылай Исиннің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.