Астанада бірнеше журналист ұсталды

Көркем Алдабергенова 15 нау. 2026 11:18

Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен «Азаттық» тілшісі Жолдас Өрісбайдың полиция тарапынан алып кетілгені хабарланды. Сондай-ақ онымен бірге Informburo тілшісі де ұсталған болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы Жолдас Өрісбайдың ұсталғанын Азаттыққа растады.

«Қандай негізде ұстадыңыздар?» деген сұраққа кезекші бөлімде өзін Сейіт Бұқарбай деп таныстырған қызметкер «заңға қайшы әрекет жасады ма, жоқ па – соны анықтаймыз» деп жауап берген.

Оның айтуынша, журналистер полиция басқармасына жеткізілген.

«Ол кісілерді осында алып келді. Қазір түсініктеме алады. Содан кейін жібереді», – деген ол.

Сондай-ақ Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінде журналист, «Азаттықтың» бұрынғы тілшісі Сәния Тойкеннің де полиция тарапынан ұсталғаны айтылды. Бұл туралы «Азаттыққа» аты-жөнін атамауды сұраған журналист хабарлаған.

Оның сөзінше, Сәния Тойкен ұсталған сәтте жағдайдың мән-жайын сұрамақ болған Informburo сайтының тілшісін де полиция бірге алып кеткен.

Мәліметке қарағанда, Оқушылар сарайында №50, №51, №58 және №483 сияқты бірнеше сайлау учаскесі орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove