Астанадағы автотұрақта көлік жүргізушісі терезеден сөндірілмеген шырпыны сыртқа лақтырған. Сол сәтте жанында тұрған газ жабдығымен жабдықталған Audi көлігі өртеніп кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Astanovka98 мәліметінше, сот өрттің шығуына екі жағдай әсер еткенін анықтаған. Атап айтқанда, жүргізуші лақтырған сөндірілмеген шырпы мен газ жабдығы орнатылған көліктен газдың шығуы. Газдың шығуына көлікті пайдалану талаптарының бұзылуы себеп болған.
Осыған байланысты сот екі жүргізушінің де кінәсі бар деген шешім шығарды. Ал шырпыны терезеден лақтырған жүргізушіден келтірілген материалдық шығын мен сот шығындарын өтеу үшін 1,6 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді.