Астанада автобуста жанжал шығарған ер адам 15 тәулікке қамалды

Астанада автобуста жанжал шығарған ер адам 15 тәулікке қамалды
Фото: gov.kz

Астанада қоғамдық көлікте тәртіп бұзған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында автобустағы жолаушылардың мазасын алған азаматтың видеосы анықталған. Кадрларда ер адамның телефонмен сөйлесу кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларға агрессивті мінез көрсеткені байқалады.

Тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлері 51 жастағы азаматтың жеке басын анықтап, оны Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізген.

Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция қоғамдық орындарда тәртіп сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салып, тұрғындарды өзара сыйластық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.