Астанада әлемдік діндердің бірегей тарихи жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды

Сағыныш Сардарова 02 там. 2025 13:00

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі қарсаңында "Турин Кебіні" және "Қасиетті кітаптар" атты екі бірегей халықаралық көрме өз есігін ашты. Қос көрменің негізгі мақсаты - қоғамдағы дінаралық келісімді нығайту, түрлі конфессиялардың рухани мұрасын кеңінен таныту, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көрменің ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұсынылған жәдігерлердің тек тарих емес, бүкіл адамзаттың рухани құндылықтары мен мәдени сабақтастығының куәсі екенін атап өтті.

"Осындай ерекше жәдігерлер арқылы біз өзара түсіністікке, рухани үндестікке және мәдени диалогқа негізделген ортақ болашақты қалыптастырамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Құран, Інжіл, Тәурат секілді рухани кітаптар әрдайым гуманизм мен бейбітшілікті насихаттаған. Бұл көрме Қазақстанның гуманизм, келісім мен рухани үйлесімділікті ұстанатынын тағы бір мәрте дәлелдейді", – деді министр.

Қазақстандағы Апостол Нунцийі, Архиепископ Георг Панамтхундила көрменің дінаралық диалогты тереңдетудегі маңызына ерекше тоқталып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді:

"Мұндай көрменің Қазақстанда өтуі кездейсоқ емес. Себебі сіздердің елдеріңіз діни татулық пен келісімді жоғары бағалайды. Осы бір маңызды іс-шараға қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығымды жеткіземін".

Ал Астанадағы Әулие Мария Рим-католик архиепархиясының Архиепископ-метрополиті Томаш Бернард Пета Қазақстанның діни сенім бостандығын ұстанған, түрлі конфессияларға құрметпен қарайтын ел ретінде танымал екендігін атап өтті:

"Бұл көрменің сәтті өтуі – Қазақстан халқының руханиятына қосылған зор үлес. Мәңгілік құндылықтарға негізделген бейбіт даму жолын таңдаған елдеріңізге Алланың берекесі болсын".

Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр "Турин Кебіні" көрмесінің христиан әлемі үшін айрықша мәнге ие екеніне тоқталды:

"Турин Кебіні" – ғасырлар бойы ғалымдар мен сенушілердің қызығушылығын тудырған баға жетпес жәдігер. Бұл кебінді "бесінші Інжіл" деп те атайды. Осындай ерекше көрменің Қазақстанда ашылуы – біз үшін үлкен абырой".

"Kirche in Not" қорының атқарушы президенті Реджина Линч өз кезегінде жәдігердің ғылыми маңызын ерекше атап өтті:

"Турин Кебіні – христиан әлеміндегі ең көп зерттелген құндылықтардың бірі. Кебіннің көрмесін Қазақстанға әкелу – біз үшін үлкен құрмет".

Экспозицияға "Турин Кебінінің" түпнұсқасынан дәлме-дәл көшірмесі, 27 ақпараттық панель, сондай-ақ тарихи артефактілер, бейнематериалдар және иллюстрациялық брошюралар қойылған. Аңызға сәйкес, бұл кебінмен екі мың жыл бұрын шегеге қағылып, айқышта қайтыс болған Иса Мәсіхтің денесін ораған деседі.

Ал "Қасиетті кітаптар" көрмесінде түрлі діндердің негізгі жазбалары қойылған. Көрмеде ұсынылған 50-ден астам жәдігердің ішінде VII ғасырдағы Құранның көне қолжазбасы, XIX ғасырда жарық көрген сирек Інжілдер, Кенесары ханның жеке Құран кітабы, Талмуд, Тора және басқа да тарихи маңызды діни жазбалар бар.

Қос көрме 2025 жылдың 25 қыркүйегіне дейін жалғасады. Келушілер мұнда түрлі діни дәстүрлердің рухани мұраларымен жақын танысып, адамзат тарихындағы киелі кітаптардың мәдени-рухани маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар