Елорданың «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Қазақстанда маусымның үшінші жексенбісінде атап өтілетін әкелер күніне орай «Әке шаңырақтың тірегі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға орталықтың сүйемелдеуіндегі және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан және халықтың әлеуметтік осал топтарынан әкелер шақырылды.
Іс-шараның мақсаты – әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру, сондай-ақ жауапты әке болу мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару.
«Бүгін біз әкелерге арналған «Әке шаңырақтың тірегі» атты іс-шара ұйымдастырдық. Арнайы спикерлерді шақырдық, олар баланың өміріндегі әкенің рөлі туралы жан-жақты мәлімет берді. Бүгінгі іс-шараның арқасында біз жауапты әке болу мәселесіне назар аударғымыз келеді. Осындай кездесулерді біздің «Жанұя» орталығы тұрақты негізде ұйымдастырады. Біз қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесеміз – оларды қолдаймыз және психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, біз барлық мерекелерге көңіл бөлеміз. Бүгін елорда тұрғындарын Әкелер күнімен құттықтауға шақырып отырмыз», – деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының БАҚ-пен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Алдияр Таласов.
Шақырылған спикерлер іс-шара қонақтарына өз оқиғалары, тәжірибелері туралы айтты.
Қатысушылар алдында «Сенім Болашақ» РҚБ елордалық филиалының директоры Шерхан Арапбай, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Берік Нұрдәулетов, қалалық әкелер кеңесінің мүшесі Жалғас Құспеков сөз сөйледі.
Қатысушылар балаларды тәрбиелеу, әке болудың маңыздылығы, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру және т.б. туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
«Маған бүгінгі іс-шара өте ұнады. Көптеген пайдалы нәрселерді білдім, басқа әкелермен таныстым. Балаларды тәрбиелеу бойынша көптеген кеңестер алдым, басқа ата-аналардың тәжірибесі туралы білдім. Менің ойымша, Әкелер күнін тойлау – бұл керемет идея, өйткені әке – отбасының тірегі», – деп бөлісті үш баланың әкесі Юрий Новгородов.