Астанада адам ұрлау және өз бетінше билік ету ісі бойынша Орталық Азия елдерінің бірінің алты азаматына үкім шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен бес адам алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік мақсатта адам ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал топ мүшелерінің бірі адам ұрлауға көмектескені және өз бетінше билік еткені үшін 7 жыл 6 ай мерзімге сотталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 9 желтоқсанда күдіктілердің бірі көрсетілмеген қызмет үшін ақша талап етіп, жәбірленушіге күш қолданған. Соның салдарынан жәбірленуші 80 мың теңге аударуға мәжбүр болған.
Кейін қаскөйлер алдын ала келісіп, пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып, жәбірленушіні Астана аумағында ұрлап әкеткен.
Прокуратура сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынғанын атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес адам ұрлағаны үшін 15 жылға дейін, ал өз бетінше билік еткені үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.