Астана – Теміртау автожолында болған жол-көлік оқиғаларын жасанды интеллектпен жабдықталған камералар тіркеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізушілер жолдағы жағдайға дер кезінде назар аудармай, алдарындағы көліктерге іс жүзінде тежегіш баспастан соқтығысқан. «ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, жүргізушілердің назарын жоғалтуына ұйқышылдық, шаршау немесе смартфонға алаңдау себеп болуы мүмкін.
«Жол-көлік оқиғаларының нақты мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр. Тіркелген апаттар салдарынан қаза тапқандар жоқ», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп, апаттың барлық себептері анықталуда. Мамандар жүргізушілерге ұзақ жолға шығар алдында жақсылап тынығып, көлік тізгінінде телефон қолданбауға және жол жағдайын мұқият бақылауға кеңес береді.