Астана–Павлодар автожолының бір бөлігінде күннің күрт ысуына байланысты цементбетон жабындысы көтеріліп, бірнеше көлікке зақым келген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кейінгі күндері ауа температурасының айтарлықтай жоғарылауына байланысты жолдың цементбетон жабындысына күшейтілген бақылау жүргізілген. Жоспарлы патрульдеу барысында мамандар жабынның көтерілу қаупі бар екі учаскені анықтап, 31 мамырдан бастап алдын алу жұмыстарын бастаған.
Алайда 1 маусым күні сағат 13:30 шамасында кезекті тексеру кезінде Астана бағытына қарай жүретін жолдың 1356-шақырымында цементбетон жабынының көтерілгені тіркелді.
Оқиға анықталғаннан кейін аталған учаскеде уақытша жол белгілері орнатылып, жол қызметкерлері жөндеу жұмыстарына кіріскен. Қазіргі уақытта бүлінген бетон жабындысын бөлшектеу және қозғалыс қауіпсіздігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ұлттық компания мәліметінше, тұрақты мониторинг пен патрульдеу қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтап, жолдағы төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Компания жүргізушілерді жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда ерекше сақ болуға, уақытша жол белгілерінің талаптарын орындауға және белгіленген жылдамдық режимін сақтауға шақырды.