Асқар Омаров Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Асқар Омаров кім?
Асқар Омаров 1976 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Тұран» университетін тәмамдаған. Қазіргі уақытта Орталық коммуникациялар қызметінің ресми сайтында ол мекеме директоры ретінде көрсетілген.
Еңбек жолын 1997 жылы Республикалық мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми орталықта маман болып бастаған. 1998–1999 жылдары «Қазақстанның шағын бизнесі» журналында маркетинг жөніндегі маман қызметін атқарса, 2001–2005 жылдары «Новости недели» газетінде тілші болған.
2005–2006 жылдары «Қазақстан» РТРК-ның «Астана» телеарнасы филиалы ақпараттық-талдау бағдарламалары дирекциясының Алматы бюросын басқарды. Ал 2008–2010 жылдары «Нұр-Медиа» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарды.
2011–2013 жылдары Түркі академиясының вице-президенті болды. 2014 жылы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры қызметіне тағайындалды. 2016–2017 жылдары қоғамдық қорды басқарды.
2017–2020 жылдары «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры болды. 2020 жылдан 2021 жылғы тамызға дейін агенттіктің басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2021 жылғы тамызда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Ал 2022 жылғы 11 қаңтарда осы министрліктің басшысы болды.
2022 жылғы 2 қыркүйекте Асқар Омаров Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметіне тағайындалды. Кеше ол осы қызметтен кеткені белгілі болды.