Әскерилер енді пойызбен тегін қатынайды

Самал Асқар 22 қаң. 2026 12:20

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап барлық күштік құрылымдардың әскери қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойызымен тегін қатынау құқығына ие болады, деп хабарлайды Dala News.

Бұл бастама ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында өткен арнайы жиында таныстырылды. Кездесу барысында жеке құрамға жаңа әлеуметтік жеңілдіктің мазмұны түсіндіріліп, оны өңірлерде жүзеге асыру тетіктері талқыланды.

Жиында белгілі болғандай, жеңілдік тек Қазақстан ішіндегі жолаушылар пойыздарына ғана қатысты. Ал тегін жол жүрумен байланысты шығындарды «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өтейді.

«Пассажирлік тасымалдар» АҚ экономика және тасымал есебі департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева бұл бастама әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырып, отбасымен бірге сапарға шығуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Іс-шараға қатысқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарифтік саясат департаментінің директоры Диас Түсіпбеков әскери қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп, жеңілдікті іске асырудың техникалық және ұйымдастырушылық қырларына тоқталды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов бұл шараның маңызын атап өтіп, оның нақты әрі әділ жүзеге асуына баса мән беру керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама әскери қызметкерлерге демалысын алдын ала жоспарлауға, отбасы бюджетіне түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove