Қазақстанда әскери қылмыстарға қатысты жағдай күрделене түскен. Finprom.kz сарапшыларының құқықтық статистикаға жасаған талдауына сәйкес 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында елде 261 әскери қылмыс тіркелген. Бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 1,5 есе көп, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әскери қылмыстардың жалпы саны 2023 жылдан бері өсіп келеді. Ал қаралып жатқан қылмыстық істер саны қаңтар-тамызда 309-ға жетіп, бір жылда 48,6 пайызға артқан.
Сарапшылар қаңтар-шілде айларындағы толық статистиканы да талдаған. Осы кезеңде әскери ортадағы жарғыдан тыс қатынас, яғни әлімжеттік дерегі 37 пайызға өсіп, 74-ке жеткен. Билікті асыра пайдалану бойынша 88 жағдай тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 79,6 пайызға көп. Қызметке салғырт қараудың 16 дерегі анықталған.
Сонымен қатар, әскери қызметті атқару тәртібін бұзудың 8, билікті асыра пайдаланудың 5 және биліктің әрекетсіздігінің 2 жағдайы тіркелген.
Әскери қылмыстардан 363 адам зардап шеккен
2026 жылғы сегіз айда әскери қылмыстардан зардап шеккендер саны 363 адамға жеткен. Бұл былтырғы осындай кезеңнен 2,5 есе көп және 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Зардап шеккендердің басым бөлігі - 20 жасқа толмаған жастар. Биыл олардың үлесі 70,5 пайызға жеткен. Яғни әскери қылмыстардан зардап шеккен 363 адамның 256-сы - 20 жасқа толмаған азаматтар.
Сонымен қатар, биыл қаңтар-тамызда арты өліммен аяқталған 8 әскери қылмыс тіркелген. Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаны қоса есептегенде, мұндай жағдайдың саны 9-ға жетеді.
Әскердегі суицид мәселесі де өзекті
2026 жылғы қаңтар-шілде айларында алты әскери қызметші өзіне қол жұмсаған. Олардың үшеуі келісімшарт бойынша қызмет еткен, үшеуі мерзімді әскери қызметші болған. Алты жағдайдың бәрінде суицидке нақты не себеп болғаны анықталмаған.
Тағы үш әскери қызметші өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Олардың арасында жалғыздық, ауыр материалдық жағдай және жұбайымен жанжал себеп ретінде көрсетілген.
Сарапшылардың дерегінше, Қазақстан армиясында жыл сайын суицид салдарынан 10-20 әскери қызметші қаза табады. Тағы 5-12 әскери қызметші өзіне қол жұмсауға әрекет жасайды.